Қазақстан мен Германия немiстерi халықаралық конференция өткiзудi жоспарлауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Германия немiстерi халықаралық конференция өткiзудi жоспарлауда. Бұл туралы бүгiн баспасөз мәслихатында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесiнiң мүшесi, Қазақстан немiстерi қауымдастығының басшысы Александр Дедерер мәлiм еттi.

«Бiз Қазақстанда және Германияда түрлi құрылымдармен бiрдей қарым-қатынас жасап тұрамыз. Биыл қазан айында бiз «Қазақстан немiстерi - Астана мен Берлин арасындағы көпiр» атты халықаралық конференция ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Бұл конференция осы тақырыпты жан-жақты ашуға, оны терең мәнмен толтыруға бағытталған. Оның қорытындысы негiзiнде өзiмiздiң тұжырымдамамызды жасақтап, жүзеге асыратын боламыз», - деп атап өттi бiрлестiк басшысы.

Оның сөзiне қарағанда, бiздiң о баста Германияға көшкен жерлестер Қазақстан атын әйгiлеуге, бiздiң елiмiздi таныстыруда үлкен үлес қосып келедi.

«Осының арқасында германиялықтардың басым бөлiгi Қазақстанды жақсы бiледi, тiптi көршi мемлекеттей жақын көредi», - дейдi А. Дедерер.