Бұл мәселелер Астанада өткен екі ел арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундында қаралды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев, Германия делегациясын Сыртқы істер министрлігі Азия және Тынық мұхиты департаменті директорының орынбасары, елші Йоахим Бертеле басқарды.
Кездесуде екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 29-30 қыркүйекте Германияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға басымдық берді.
Арман Исағалиев неміс әріптесін Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалармен таныстырды. Сонымен қатар екі ел басшылары деңгейіндегі байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, түрлі саладағы ынтымақтастықты тереңдету және бірлескен жобаларды ілгерілету жөнінде ұсыныстар айтты.
Өз кезегінде Йоахим Бертеле Астана мен Берлин арасындағы сындарлы диалогты, оның ішінде көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылды жалғастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Германияның Қазақстанмен өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге дайын екенін растады.
Келіссөздерде өнеркәсіптік кооперация, аса маңызды шикізат материалдары, энергетика, көлік және логистика, цифрландыру мен озық технологиялар салаларындағы бірлескен жұмысты дамыту мәселелері қаралды.
Тараптар 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен жол картасының орындалу барысын да талқылады.
Бұдан бөлек, мәдениет, білім және ғылым салаларындағы байланыстарды нығайту, жоғары оқу орындарының әріптестігін кеңейту және білікті мамандар даярлау мәселелері сөз болды. Қазақстандағы неміс қауымдастығының екі ел арасындағы достық қатынастарды дамытудағы рөлі атап өтілді.
Кездесуде «Орталық Азия – Германия» форматы, Еуропалық одақпен ынтымақтастық, БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Келіссөздер қорытындысында тараптар 2027 жылы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай саяси диалогты жалғастырып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Осыған дейін Қазақстан мен Германия су саласында ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыратыны туралы жаздық.