Бұл жүздесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель ханымның Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келуіне байланысты болып отыр.
Германия делегациясы құрамындағы Бундестаг мүшелері - Клаудия Винтерштайн ханым, Филипп Миссфельдер мырза, Франц Тённес мырза, Марилуизе Бекк ханым, Дитмар Барч мырза.
Бұл парламентшілерді Қазақстан тарабынан қарсы алған Мәжіліс депутаттары - Қайрат Сәдуақасов, Наталья Геллерт, Егор Каппель, Алдан Смайыл, Айгүл Соловьева және Серік Темірболатов.
Мәжіліс депутаты Қайрат Сәдуақасов соңғы бір жарым жылдың ішінде Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс жаңаша қарқын алғанын айтып өтті. Бұған 2009 жылғы табысты өткен Қазақстанның Германиядағы жылы мен биылғы Германияның Қазақ еліндегі жылы үлкен ықпал еткенін алға тартты.
Бундестаг депутаты Клаудия Винтерштайн ханым өз сөзінде осы сапарында уақыттың тығыздығына қарамай, көптеген маңызды шараларға қатысқанын, Қазақстан туралы мол мағлұмат алғанын айтты. «Бұл біз үшін маңызды сапар. Астананың аз жылда көркейіп кеткенін бірден байқадық. Елдің экономикалық өскені де бізді қуантып отыр»,- деді ол. Мейман қазақстандық әріптестерін заң шығару ісінде тәжірибе алмасу мақсатында өз еліне шақырды.
Германия Қазақстанмен сауда-экономикалық әріптес елдердің ішінде бастапқы ондыққа енеді. Қос мемлекеттің ынтымақтастық, саяси-экономикалық байланысы арта түсуіне өткен жылғы ақпанның 3-інде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Германияға жасаған ресми сапары, Мемлекет басшыларының жоғары деңгейде өткен кездесулері негіз болды.
Соңғы жылдары қос ел арасында білім, ғылым, өнер мен мәдениет саласындағы байланыстар өріс ала түсті. Ең бастысы, екі мемлекеттің арасында сенімді әріптестік байланыс қалыптасты. Германия кәсіпкерлері Қазақстанның инновациялық, жаңа индустриялық бағдарламаларының дамуына үлес қосуда.
«Германия Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымдарын қолдап келеді, ол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Атап айтқанда, ГФР Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін және ЕҚЫҰ Саммитін біздің елде өткізу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдады»,- деді депутат Қ. Сәдуақасов.
Кездесуде Тараптар парламентаралық байланысты дамыту туралы ойларымен бөлісті. Айта кету керек, Мәжілісте Қазақстан-Германия парламентаралық ынтымақтастық тобының 24 мүшесі бар. Бұл топқа Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков жетекшілік етеді.
Мәжіліс депутаттары әріптестерінің сұрақтарына орай Парламенттің құрылымы туралы айтып берді. Жаңа конституциялық реформаға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланғанын, сондай-ақ «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы бар екенін әңгімеледі.
Тараптар ынтымақтастықты арттыру, екі ел арасындағы байланысты барлық салада және әр деңгейде жан-жақты дамытудың маңыздылығы өте зор екенін айтты.