«Өткен жылы екі елдің арасындағы сауда-саттық көлемі 3 млрд. долларға жетті. Биыл бірінші жартыжылдықта 1,5 млрд. долларды құрады. Біз алдымызға таяу жылдарда екіжақты тауар айналымының көлемін 10 млрд. долларға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз. Бұған өте жақсы негіз бар», - деді баспасөз мәслихатында Н.Назарбаев.
Елбасы Германия экономикасы дүниежүзінде 4-ші, ал Еуропада 1-ші болып табылатынын айта келе: «Германиямен қарым-қатынасты дамыту біздің ел үшін өте тиімді және өте қажет», - деді.
Елбасының айтуынша, әлемдік қаржылық экономикалық дағдарысқа қарамастан, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқын алып келеді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Германия экономикасы жақсы өсім көрсетті. Қазақстан экономикасы бірінші жартыжылдықта 8 пайыздық өсімге қол жеткізді.
«Бұлар екі елдің экономикасы дағдарыстан шығып келе жатқандығын білдіреді», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы жылдар ішінде Қазақстан Германия экономикасына 4 млрд. доллар инвестиция салса, Германия Қазақстан экономикасына 3 млрд. доллар иивестициялаған.