Қазақстан мен Германия үкіметтері экономикалық ынтымақтастықты талқылайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-герман үкіметаралық жұмыс тобының 13-ші отырысы өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-герман үкіметаралық жұмыс тобының 13-ші отырысы өтеді. Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, ал Германияның делегациясын Экономика және климатты қорғау федералдық министрлігінің сыртқы экономикалық саясат мәселелері жөніндегі директоры Доминик Шнихельс басқарады», - деді Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.

Оның дерегінше, отырыс барысында тараптар шикізат ынтымақтастығы, энергетика, өнеркәсіп және арнайы экономикалық аймақ, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-логистика саласы, білім беру, ғылым және техникалық кадрларды даярлау, сондай-ақ Қазақстандағы неміс компанияларының қатысуын кеңейту сияқты екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты тақырыптық блоктарын қарайды.

«Шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы үкіметаралық келісімді іс жүзінде толықтыру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады», - деді ол.




Фото: gov.kz