Қазақстан мен Германия жерасты суын басқаруға арналған ақпараттық жүйе енгізуге келісті

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА.KAZINFORM - «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Кездесуде Қазақстанда Water Base ақпараттық жүйесін енгізу мәселесі талқыланды. Бұл жүйе жерасты суының жағдайын бақылауды, су ресурстарының тізімін жасауды, картографиялық визуализацияны, талдамалық ақпарат құрастыруды, қашықтағы дереккөздерден, оның ішінде бақылау датчиктерінен жедел деректер алуды, сондай-ақ басқа ұйымдармен және бағынысты мекемелермен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

Water Base жүйесін енгізу аясында компьютерлік және серверлік жабдықтар беріледі, сондай-ақ жүйені бейімдеу қызметтері көрсетіледі.

GIZ өкілдері Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандарын Ташкент қаласындағы ақпараттық жүйенің жұмысымен таныстыруды ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.

– Цифрландыру тек жерүсті емес, жерасты су ресурстарын да қамтуы қажет. Ұлттық гидрогеологиялық қызмет Өзбекстандағы әріптестерімен және Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамымен бірлесіп, жерасты суын басқару жүйесін жаңғырту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Water Base жүйесін енгізу жерасты су қорын бақылау мен басқаруды жақсартуға мүмкіндік береді, – деді «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз.

Айта кетейік, Астана халқы жерасты суын да тұтына бастайды.