Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн долларға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Гонконг сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, инвестициялық әріптестікті дамыту жөнінде уағдаласты.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Гонконг арнайы әкімшілік аймағының басшысы Джон Лимен және жергілікті іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесті. Тараптар өзара сауданы ұлғайту, инвестиция тарту және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Гонконгтың әлемдегі жетекші қаржы, сауда және логистика орталықтарының бірі екені, ал Қазақстанның Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа нарықтарына шығатын маңызды өңірлік хаб ретіндегі рөлі атап өтілді.

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн АҚШ долларын құрады. Біз Гонконг нарығына жеткізілетін қазақстандық өнім көлемін арттыруға мүдделіміз. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсібінің тауарлары да кіреді, – деді Арман Шаққалиев.

Тараптар алтын саудасы, биржалық инфрақұрылым және қаржылық қызметтер саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын да талқылады. Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли халықаралық алтын саудасы орталығын құру және бағалы металдар нарығына арналған заманауи экожүйе қалыптастыру жоспарларымен бөлісті.

Оның айтуынша, Қазақстан өңірдегі жетекші алтын өндіруші елдердің бірі ретінде халықаралық бағалы металдар саудасында маңызды орын ала алады.

– Қазақстанның өңірдегі жетекші алтын өндіруші елдердің бірі екені белгілі. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту екі тараптың да өндірушілері мен қаржы институттары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Джон Ли.

Кездесу барысында іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту, сауда өкілдіктерінің жұмысын кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері де қаралды.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті. Құжат аясында бизнес-миссиялар ұйымдастыру, кәсіпкерлер арасында кездесулер өткізу және инвестициялық жобаларды пысықтау көзделіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан, Гонконг және Қытай компаниялары 42 келісімге қол қойғаны хабарланды.