Қазақстан мен Грекия көлік және логистика салалары бойынша ынтымақтастықты нығайтады

Фото: Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM - 14-16 мамыр аралығында қазақстандық көлік делегациясы Грекия Республикасына сапар жасады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазақстандық көлік саласының мамандары Афинадағы Елшілігіміздің қолдауымен Грекияға барды. Делегация құрамында ҚР Көлік министрлігі Темір жол және су көлігі комитетінің, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының, «Қазтеңізкөлікфлоты» АҚ, «Кедентранссервис» АҚ, «Kaspi Grain Way» ЖШС, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілдері болды.

Сапар 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде COP-29 халықаралық конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грекия Республикасының Премьер-Министрі Кириакос Мицотакистің кездесуінде жасалған уағдаластықтарды әзірлеу мақсатында өтті.

Сапардың негізгі тақырыбы - Транскаспий халықаралық көлік бағытының («Орта дәліз») әлеуетін және оның Грекияның көлік және порт инфрақұрылымымен интеграциясын талқылау.

Грекия кәсіпорындар федерациясымен (SEV) бірлесе ұйымдастырылған дөңгелек үстелде қазақстандық тарап Каспий порттарын жаңғыртудың перспективалық жобаларын, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту шарттары мен тетіктерін таныстырды. Грекиялық серіктестер бірлескен мультимодальды логистикалық қызметтерді құруға қызығушылық танытты.

Сапар барысында мемлекет активтерін басқаратын және порттарды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыратын Грецияның Growthfund PPF Ұлттық инвестициялық қорының басшылығымен, сондай-ақ біріккен флоты 280 кемеден асатын Navios Maritime Holdings және Tsakos Group жетекші кеме қатынасы компанияларының басшылығымен кездесулер өтті.

Делегация сонымен қатар Грекияның ең ірі - Пирей портында болып, Skaramangas және Elefsis (ONEX Group) кеме жасау компанияларының өндірістік қуатымен, сондай-ақ қалдықтарды өңдеу және мұнай қалдықтарын жою саласындағы жетекші грек компаниясы POLIECO қызметімен танысты.

Грекия Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Бас хатшы Димитрис Скалкоспен және тиісті министрліктердің өкілдерімен өткен келіссөздерге ерекше назар аударылды. Тараптар Каспий-Қара теңіз-Жерорта теңізі бағытын еуропалық көлік желілеріне, оның ішінде жаһандық шлюз бастамасы аясында интеграциялау перспективаларын, сондай-ақ институционалды деңгейдегі диалогты тереңдету мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, Димитрис Скалкос Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту Грекия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге жол ашатынын және жаңа көлік желілерін Балқанмен органикалық байланыстыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстандық делегацияның басшысы, ҚР Көлік министрлігі Темір жол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов Транскаспий халықаралық бағытын дамыту Қазақстан үшін экспорттық бағыттарды әртараптандырудың негізгі басымдығы болып қала беретінін ерекше атап өтті.

Ол грек компанияларын порттық және логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысуға шақырып, инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға кепілдік берді.

Оның айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру өңірлік жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын нығайтып, екіжақты саудаға да, Еуропа елдерімен кеңейтілген ынтымақтастыққа да жаңа серпін береді.

Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Қазақстан мен Грекия өз аймақтарындағы маңызды көлік-логистикалық хабтар бола отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға кең мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.

Сапар нәтижесінде екі елдің тиісті ведомстволары мен іскер топтары арасында институционалды ынтымақтастықты нығайту және тікелей байланыстар орнатуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл көлік, логистика және жасыл технологиялар саласындағы Қазақстан-Грекия ынтымақтастығын одан әрі кеңейту, сондай-ақ алдағы жоғары деңгейлі байланыстарға дайындық үшін негіз болды.

Айта кетейік, «Орта дәліз» бойынша тасымалдау рекордтық көрсеткішке - 3,3 миллион тоннаға жетті. Бұл ретте жалпы тасымалдау көлемінің 80 пайыздан астамы Қазақстан үлесіне тиеді.

Осыған дейін Қазақстанның Грецияға дәнді дақылдарды экспорттайтыны туралы жаздық.