АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Грузия вице премьері-Сыртқы істер министрі Михаил Джанелидзе екі елдің сыртқы ведомстволары арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды, де хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қол қою рәсімінен кейін сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрі Грузия делегациясының ертең Астана экономикалық форумына қатысатынын айтты және келіссөздерде көтерілген мәселелерге тоқталды.
«Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқыладық. Сондай-ақ өзара мүдделік тудыратын халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмастық. Қазақстан мен Грузия тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мемлекеттері мен әріптестері ретінде қалыптасты. Былтыр екі мемлекет дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтті. Осы кезеңде мемлекеттеріміздің арасындағы өзара сыйластық сенім мен ашықтық қағидаттарына негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынастар сапалы нығая түсіп келе жатыр», - деді Қайрат Әбдірахманов.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда Қазақстан мен Грузия кең ауқымды мәселелер бойынша тиімді өзара ықпалдастықтың барлық мүмкіндіктеріне ие болып отыр. Екі мемлекет арасында 70-тен астам құжаттан тұратын ауқымды шарттық-құқықтық база жасалды.
«Қазақстан үшін Грузия Оңтүстік Кавказдағы сенімді әріптес болып табылады. Қазақстан Грузиямен достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Мемлекеттеріміз сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдени-гуманитарлық салаларда үлкен әлеуетке ие және оны дамытуға ниет білдіреміз», - деді министр.
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.