Қазақстан мен Иордания үкіметтерінің арасында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды
11:46, 17 Қыркүйек 2010
;АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Иордания Хашемиттік Королдігінің Премьер-Министрі Самир Зайд әл-Рифайдың арасында жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен Иордания Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімге, Қазақстан мен Иордания арасындағы 2010-2011 жылдарға арналған стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарына, сондай-ақ Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Ионданияның Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау және медициналық ғылым саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Келіссөздерден кейінгі брифингте Самир Зайд әл-Рифай: «Біз бүгін Қазақстан мен Иордания арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жоспарының қол қойылуына куә болдық. Ол екі елдің мүдделеріне сәйкес келетін бірқатар салалардағы ынтымақтастықты ұлғайтуға бағытталған», деді.