Қазақстан мен Иран арасындағы сауда айналымын қайта қарау ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау ЕАЭО және Иран арасындағы еркін сауда бойынша уақытша келісімді нақтылау керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иран Қазақстанға баж салығын 306 тауар позициясы бойынша төмендетті, ал біз 502 позицияға төмендеттік. Бұл жерде мәселе позиция санында емес. Біздің сауда құрылымымыз осылай қалыптасып тұр. Әңгіме бажды төмендету деңгейі туралы болып отыр. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер асшаян (креветки), лимон, құрма, пісте өсірмейді. Сондықтан аталған тауар түрлеріне баж салығы оңай алынып тасталды. Ал кондитерлік өнімдер, жуғыш заттар, кілем және тағы басқа тауарлар бойынша біз оларды алдап отырмыз», - деді Альберт Рау Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, Иран тарапы аграрлық-өнеркәсіптік кешен өнімдерінің 97 түрі мен 263 өнеркәсіптік тауарға баж салығын төмендетті, бірақ нөлге апармады.

«Қараңыз, сиыр еті баж салығы 26 пайыз еді, 10 пайызға төмендеді. Яғни баж салығы әлі де бар. Одан бөлек, бұршақ 55 пайыздан 10-ға, ал макарон және кондитерлік өнімдер бойынша баж салығы 55-тен 20 пайызға төмендеп отыр. Есесіне біздің басты өнім астық бойынша жағдай түсініксіз. Себебі келісімде астық және астық өнімдері туралы айтылмаған. Яғни, біз олар үшін лимон, киви тағы басқа тауарлар бойынша баж салығын алып тастап отырмыз. Ал біздің басты байлығымыз астық келісімге енгізілмеген», - дейді ол депутаттық сауал жолдай отырып.

Одан бөлек, Мәжіліс депутаты аталған жайтты қатысты Қазақстан Үкіметі өз позициясын ұстану керектігін ескертті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақ елдері және Иран арасында еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісім хаттамасын ратификациялады.