Қазақстан мен Иран көлік-логистикалық терминал салу жөніндегі келісімге қол қойды

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан мен Иран Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу жөніндегі BOT келісіміне қол қойды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Иран Ислам Республикасының Порттар және теңіз қатынасы ұйымында Шахид-Раджаи портындағы (Бендер-Аббас қаласы) жер телімін қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін беру жөніндегі BOT (Build-Operate-Transfer – салу, пайдалану және беру) келісіміне ресми қол қойылды.

Қазақстан тарапы атынан келісімге ҚР Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жанындағы QazExportPromotion корпоративтік қорының бас директоры Аман Малғаждаров, Иран тарапынан Хормозган провинциясы Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы – «Шахид-Раджаи порты» арнайы экономикалық аймағының басшысы Хоссейн Аббас Нежад қол қойды.

Келісім 27 жыл мерзімге жасалды. Оның ішінде 2 жыл терминал құрылысын жүргізуге, ал кейінгі 25 жыл нысанды пайдалануға арналған. Ал жобаның үшінші жылында терминалды коммерциялық пайдалануға беру жоспарланған.

Аталған жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан мен Иран арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болмақ.

Иранның ең ірі портында Қазақстан терминалының құрылуы «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы елдерінің, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның, сондай-ақ Шығыс Африка нарықтарына тиімді шығуын қамтамасыз ету арқылы экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Атырауда жылына 3 млн жолаушы қабылдайтын жаңа терминал салынады.