Қазақстан мен Иранның қарқынды байланысы екі мемлекетке ғана емес, өңірлік елдерге де пайдалы ? М. Ахмадинежад

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан мен Иранның қарқынды байланысы екі мемлекетке ғана емес, өңірлік елдерге де пайдалы.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кездесуі барысында елімізде ресми сапармен жүрген Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежад осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі күні Қазақстан мен Иранның екіжақты жақын ынтымақтастығын өзара дамыта түсуге барлық жағдайлар қалыптасты деп айтуға негіз бар. Дегенмен де, екі мемлекеттің көліктік, кедендік мәселелерінде, өзара инвестицияларда, сауданы, банктік қатынастарды дамытуда әлі де нақты атқаратын шаралары баршылық. Бұндай байланыстарды арттыру екі мемлекеттің болашағы үшін ғана емес, өңірдегі елдердің дамуына да пайдалы. Сонымен бірге, біз қазіргі ынтымақтастығымызды тереңдету арқылы әлемдік қаржы дағдарысының салдарын да бәсеңдете аламыз. Өйткені, Қазақстан мен Иран тәуелсіз көзқарастарға жүгініп отыр. Қазіргі заманда капиталистік жүйе өз түбіне жетті. Сондықтан да жаңа дүниені - әділеттілік пен бейбітшілікке сүйенген әлемді қалыптастыруға тиіспіз Бұл тұрғыда Қазақстан мен Иранның қарым-қатынасы басқа елдерге үлгі бола алады», - деді Иран Президенті.