Қазақстан мен Италия іскер топтардың байланысын нығайтады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Италия өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келісті. Бұл туралы Ақордада Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

— Қос мемлекеттің түрлі бағыттағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын арта түсуде. Саяси диалогымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Экономика саласында берік ықпалдастық орнаттық. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 млрд долларға жетті. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 млрд доллар болды. Италия — біздің ең ірі инвестициялық серіктесіміздің бірі. Қазақстанда 250-ге италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл ел Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бері шамамен 7,6 млрд доллардан астам қаржы құйды. Осы бағыттағы қарым-қатынасымыз ойдағыдай дамып келеді, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ғана жоғары мәртебелі Серджо Маттарелла мырзамен мазмұнды келіссөздер жүргізілгенін атап өтті.

— Менің былтыр Римге ресми сапармен барғанымды білесіздер. Соның аясында көптеген уағдаластыққа қол жеткізген едік. Бүгін сол келісімдердің орындалу барысын талқыладық. Сондай-ақ ықпалдастығымызды күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келістік. Тауар түрін көбейту үшін ең алдымен іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет. Бұл маңызды міндет, — деді Президент.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелланы бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.