Қазақстан мен Израиль ерекше балаларды оқыту бойынша меморандумға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Израиль ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Құжатқа ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Израиль мемлекетінің Аймақтық ынтымақтастық министрлігі, Білім министрлігі, Халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі агенттігі және Сыртқы істер министрлігі қол қойды.
Құжат инклюзивті білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең негізде сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұнда білім беру саласында білім мен тәжірибе алмасу, мамандардың біліктілігін арттыру, екі елдің білім беру ұйымдары мен сарапшылары арасындағы кәсіби байланыстарды нығайту мәселелері қамтылған.
— Бұл Қазақстан үшін инклюзивті білім беру саласындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту мен серіктестік байланыстарды тереңдетудің маңызды қадамы болып табылады. Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту тәжірибесін жетілдіруге және мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру бойынша әріптестікті нығайтуға мүдделіміз, — деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Соңғы жылдары Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Барлық санаттағы балалар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қажетті нормативтік база қалыптастырылды. Елде арнайы білім беру ұйымдарының, психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтарының және ресурстық кабинеттердің саны артып, барлық мектептерде кедергісіз білім беру стандарттары енгізіліп жатыр.
Сондай-ақ биыл қазан айында елімізде алғаш рет Бүкіәлемдік инклюзивті білім беру конгресі өтті. Бұл маңызды іс-шара саладағы жетекші сарапшылар мен педагогикалық қауымдастық өкілдерін бір алаңда біріктіріп, тәжірибе мен идеялар алмасуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде ерекше балаларды қолдау үшін атқарылып жатқан шаралар туралы жазған болатынбыз.