Қазақстан мен Камбоджа энергетика және электронды үкімет саласында ынтымақтастықты кеңейтпек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Камбоджа энергетика саласындағы байланысты тереңдетіп, электронды үкімет бағытында тәжірибе алмасуға ниетті. Бұл туралы Камбоджа премьер-министрі Хун Манет Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде айтты.

Фото: Ақорда

Камбоджа премьер-министрі Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар орнағанына 30 жылдан асқанын атап өтті.

– Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, – деді Хун Манет.

Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстар мен көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жайын жан-жақты талқылады. 
Айта кетейік, 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Камбоджа арасындағы тауар айналымы 29,4 млн доллар болды. Бұл өткен жылғы осы кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға көп.

Қазақстанға Камбоджадан көбіне тоқыма және трикотаж бұйымдары, аяқ киім мен кейбір тұтыну тауарлары жеткізіледі. Ал Қазақстан Камбоджаға негізінен бақылау-өлшеу құралдарын экспорттайды.

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Еске сала кетсек, биыл шілде айында Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференция аясында Мемлекет басшысы Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездескен еді. Хун Манет Камбоджаның Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін растады.