Келісімге 2022 жылғы 12 қазанда Астана қаласында қол қойылды. Заңды қабылдау инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.
«Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Инвестицияларды қолдау және өзара қорғау туралы келісім елдердің өзара әділ және тең құқылы инвестициялық режимін ұсынуға бағытталған. Бұл Келісім екіжақтың тығыз экономикалық ынтымақтастықты арттырып, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру әрі екі мемлекеттің де әл-ауқатын жақсарту үшін қолайлы жағдайлар туғызады. Келісімнің мақсаты - әр тарапқа қолайлы жағдай жасап, тең құқықты режимді реттеп, ұлттық заңнамаға және халықаралық құқыққа сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету», - деді сенатор Бибігүл Жексенбай.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары Қатармен екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеріп, Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру бойынша маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі кезде екі елдің ұлттық компаниялары мен жеке секторлары арасындағы байланыс нығайып, экономиканың әртүрлі секторларында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асып жатыр.
«Қазір қатарлық компаниялардың инвестициялық жобалар тізіміне 1 млрд 356 млн АҚШ долларын құрайтын 14 жоба кіреді. Оның ішінде 20 млн доллар құрайтын 3 жоба жүзеге асып, 103 млн доллар соммасындағы 2 жоба қолға алынды. Осыны ескере отырып, бұл заң инвестициялық жағдайды одан әрі жақсартуға және екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», - деді депутат.