Осындай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік жасап, салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділетті бөлісуге мүмкіндік береді. Конвенция келесі мақсаттарды көздейді: біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту; екіншіден, резиденттікті дәлелдейтін екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілеу; үшіншіден, екі ел құзыретті органдар арасындағы салықтық дауларды шешу үшін құқықтық негізді қалыптастыру.
«Екі ел арасындағы туар айналымы соңғы 10 жылда 440 млн долларға жетті. 2016 жылы жалпы сауда айналымы 7 млн долларды ғана құраған болатын. 2019 жылдың 9 айында Қазақстан мен Кипр арасындағы өзара сауда көлемі едәуір ұлғайып, 30 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт 28 млн, импорт 2 млн доллар деңгейінде. Тауар айналымының көбеюі Қазақстанның мұнай өнімдерін экспортқа көптеп шығаруына байланысты», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Қазақстаннан аталған елге экспорттайтын өнімдер арасында көмір, мұнай өнімдері, алюминий және азық-түлік өнімдері қамтылған. Ал импорт құрылымында көбінесе фармацевтік, парфюмерлік, косметикалық заттар енген.