Заң жобасы 2022 жылғы 26 мамырда Бишкек қаласында жасалған екі ел үкіметтері арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауға бағытталған.
Келісімнің мақсаты — Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес, апаттық жағдайдағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Осы Келісім мемлекеттердің әуе кемелерін іздестіру және құтқару саласындағы іс-қимылдарын үйлестіруге ықпал етеді.
Сондай-ақ келісімнің мақсаттарына мыналар кіреді:
— авиациялық оқиғалар туралы өзара хабарлау және апаттық жағдайдағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару бойынша барлық қажет шараны дереу қабылдау;
— екі жақтың іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ақпарат пен тәжірибе алмасу;
— іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде, оның ішінде трансшекаралық аумақта тараптардың бірінің өтініші бойынша өзара көмек көрсету (авиациялық және жерүсті іздестіру-құтқару күштерімен қамтамасыз ету).