Қазақстан мен Қырғызстан шекара маңындағы агроөнімдер саудасын жандандырмақ

Фото: ҚР СИМ

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл агроөнеркәсіптік өнімдер бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 43,5%-ға өсіп, 99,9 млн АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.

Қазақстан мен Қырғызстанның ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов пен Қырғыз Республикасы Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Самат Насирдинов тең төрағалық етті. Сонымен қатар, жиынға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков қатысты.

Кездесу барысында тараптар Үкіметаралық кеңестің 12-ші отырысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын, 2024–2025 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайту жөніндегі Жол картасының іске асырылуын және аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Вице-министр Бағлан Бекбауов агроөнеркәсіптік өнімдер бойынша екі ел арасындағы тауар айналымының тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.

— 2024 жылы бұл көрсеткіш 350,9 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,4%-ға артқан. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында тауар айналымы 43,5%-ға өсіп, 99,9 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Қазақстаннан экспорт көлемі 80,1 млн долларды құрап, 44,3%-ға, ал импорт көлемі 19,8 млн долларды құрап, 39%-ға өскен, — делінген хабарламада.

Кездесу барысында қырғыз ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін Астана қаласында пилоттық форматта өткізу ұсынысы қолдау тапты. Алдағы уақытта мұндай шараларды Қазақстанның өзге де өңірлерінде өткізу мүмкіндігі қарастырылады.

Шекара маңындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын дамыту мәселесіне орай тараптар Қырғыз Республикасының Талас облысы мен Қазақстан Республикасының Жамбыл облысы арасындағы сауданы жандандыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен нақты іс-шараларды пысықтауға уағдаласты. Сонымен қатар, шекаралық өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің өткізу қабілетін арттыру бойынша шаралар қаралды.

Қазақстандық бидайдың жеткізілім көлемін ұлғайту мақсатында теміржол тасымалы тарифтерін оңтайландыру мәселесі де мүдделі ұйымдардың қатысуымен бірлесіп қаралатын болды.

Сондай-ақ, «Кыргыз-Агрохолдинг» ААҚ пен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізу бойынша бір ай ішінде меморандумға қол қоюға жәрдемдесу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Құжатта сатып алу көлемінің болжамды жоспары көрсетілмек.

Отырыстың қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен болашақ ынтымақтастық бағыттарын қамтитын хаттамаға қол қойылды.

Бұдан бұрын Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында шегірткеге қарсы бірлескен тексеру басталғанын жаздық.