Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы екі өткізу бекетіне халықаралық мәртебесі беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы өткізу бекеттері туралы хаттаманы ратификациялауға дайындалып жатыр.
Бұл заң жобасын ҚР Көлік министрлігі ұсынды.
«Камышановка» өткізу бекеті «Ақсу» (Қазақстан) және «Төмөнкү-Чүй» (Қырғызстан) деген жаңа атауға ие болады. Ол тәулік бойына жұмыс істейді. Бұған қоса «Камышановка» және «Бесағаш» екіжақты бекеттеріне енді халықаралық деген мәртебе беріледі.
Құжатты ратификациялау транзиттік-көлік әлеуетін кеңейтіп, екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайтып, өзге көлік өткізу бекеттеріндегі жүктемені азайтады.
Нәтижесі халықаралық келісімге қол қойылғаннан кейін 1 жылдың көлемінде біліне бастайды деген сенім бар. Құжат жобасы 3 қазанға дейін көпшілік талқылауына ұсынылады.
Осыған дейін Ресеймен шекарадағы павлодарлық өткізу бекеттерін жаңарту жұмыстары басталғаны туралы жаздық.