Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары Чолпон-Атада не талқылады

Фото: ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM —  Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапары аясында Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Қырғызстан СІМ мәліметінше, тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, транзит-көлік, су-энергетика, мәдени-гуманитарлық және көші-қон салаларындағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылап, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты.

Фото: ҚР СІМ

Кездесуші тараптар жоғары және аса жоғары деңгейдегі сенімді саяси диалог деңгейіне қол жеткізілгеніне өзара қанағаттанушылық білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейтуге ниетті екендерін растады.

Атап өтілгендей, негізгі басымдық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, қазақстан-қырғыз шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғыртуға, тауарлар мен адамдардың еркін қозғалысын қамтамасыз етуге берілді.

Фото: ҚР СІМ
Фото: ҚР СІМ

Мұрат Нұртілеу мен Жээнбек Кулубаев мемлекет басшылары мен үкіметтері деңгейінде қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысын, сондай-ақ жыл соңына дейін жоспарланған екіжақты кездесулер мен сапарларды ұйымдастыру мәселелерін қарастырды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарына дайындық жұмыстарына ерекше назар аударылды.

Фото: ҚР СІМ
Фото: ҚР СІМ

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысының құжаттарын парафирледі. Аталған отырыс жақын арада екі ел президенттерінің төрағалығымен өтеді деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Чолпон-Атада Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездескен болатын.