Қазақстан мен Қырғызстан: тарихи құндылықтар біріктірген жаңа кезең

Коллаж: Kazinform/ akorda.kz/ Canva

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақ, қырғыз – бір туған» деген сөзді қазақ пен қырғыз халқының түгелі біледі десек, жаңылыспаймыз. Тарихи һәм мәдени байланысы ғасырлардан бері мығым екі елдің мемлекет болып қалыптасу жолы да өте ұқсас. 1991 жылы бірге тәуелсіздік алды, шекаралас, екеуі де мүше саналатын бірнеше ортақ ұйымдар бар. Қазір екі елдің саяси және экономикалық әріптестігі бекем.

22 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен ат басын бұрады. Осы орайда Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы екі ел қарым-қатынасын жан-жақты талдады.

Тәуелсіздіктен бергі байланыстардың дамуы

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 15 қазанынан бастау алады. Тәуелсіздіктің 35 жылға жуық уақытында екі елдің арасында 150 мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімге қол қойылды. Оның ішінде 1997 жылдың 8 сәуірінде қол қойылған Мәңгілік достық туралы келісім мен 2003 жылдың 25 желтоқсанында бекітілген Одақтастық қарым-қатынас туралы келісімнің шоқтығы биік.

Бауырлас елдердің екіжақты өзара әрекеті мемлекет басшылары басқаратын Жоғары Мемлекетаралық Кеңес, үкімет басшылары басқаратын Қырғыз-Қазақстан Үкіметаралық кеңесі, Қазақстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрлерінің кеңесі секілді институционалдық базистер аясында іске асып келеді.

Екі елдің халықаралық саясаттағы біршама мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас. Қырғызстан мен Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭО және ШЫҰ сияқты бірнеше халықаралық ұйымдарға мүше.

Кейінгі жылдары екі мемлекет басшылары жиі кездесіп, келіссөздер өткізді. 2021 жылдың наурызында Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада келіссөз жасады. Араға бір жыл салып, 2022 жылдың мамырында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында Бішкек қаласында екі ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда нақты келісімдер жасасты. Онда саяси-экономикалық мәселелерден бастап, мәдени-гуманитарлық салалар да қамтылды.

Фото: Кabar

Одан бері Орталық Азия мен түрлі құрлықты, алпауыт мемлекеттерді байланыстырушы жиындарда, ұйымдардың саммитінде екі тұлға жиі бірге бой көрсетті. Екі ел үшін құндылықтар да, қазіргі жаһандық, транзиттік, геосаяси мәселелер де ортақ. Сондықтан одақтас ел атауға болады. Биыл 21 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

Бұған қоса былтыр Бішкекте екі елдің Сыртқы істер министрлері Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойғаны есте. Құжатта өзара инвестициялар тарту, көлік және логистика, энергетика, су ресурстары, цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды пысықтау және іске қосу жолымен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылған.

Сауда-экономикалық көрсеткіштердің өсуі

Қазақстан мен Қырғызстанның басты ортақ мүдделерінің бірі – өзара сауданы арттыру. Бұл мақсат жүйелі түрде орындалып та келеді. Мысалы, алысқа ұзамай-ақ кейінгі бес жылға көз жүгіртіп көрсек. 2020 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Қырғызстанның тауар айналымы 796,2 млн долларды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 еседен астам өсіп, 1,7 млрд долларға жетті. Ал биыл қаңтар мен мамыр аралығында 821,8 млн доллар болды. Осы қарқынмен 2025 жылдың көрсеткіші 2 млрд долларға жетуі мүмкін екенін болжай аламыз. Осылайша Қазақстан Қырғызстан үшін Қытай мен Ресейден кейінгі үшінші ірі сауда серіктесі атанып отыр.

Инфографика: Kazinform

Былтыр Қазақстан экспортының үлесі 1,26 млрд долларға жуықтаса, Қырғызстаннан келетін импорт 456 млн долларды құраған. Еліміз одақтас елге негізінен алтын, минералды және газдалған сусындар, мұнай өнімдері, жеңіл автокөлік, тас көмір, электр энергиясын және цемент экспорттайды.

Өз кезегінде Қырғызстан бізге мұнай өнімдерін, қымбат металдардың кендері мен концентраттарын, көміртексіз болат пруттарын, пластмасса ыдыстар, ерлердің тоқыма киімдері, карбонаттар, әйелдердің сырт киімдері, нан мен ұннан жасалған кондитерлік өнімдер мен қапталмаған керамикалық плиткалар жеткізген.

Тамыздың басында одақтас елдің Сыртқы істер министрліктері алдағы уақытта жылдық тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуге уағдаласты. Бұған қоса 2026 жылы шекарада Индустриялық сауда-логистикалық кешенді іске қосу және бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту жайын күн тәртібіне шығарды.

Жалпы, кейінгі 15 жылда Қазақстан Қырғызстан экономикасына 1,7 млрд доллар инвестиция құйған. 2024 жылдың 9 айында еліміз одақтасына 48 млн доллар тікелей инвестиция жөнелткен. Осы аралықта қырғыз тарапы Қазақстанға 4,8 млн доллар капитал берген. Екі ел үкіметі ауыл шаруашылығы, өткізу пунктері, жол салу және туризм бағыттары бойынша көптеген құжаттарға қол қойған.

Су-энергетика саласында да бірлескен жоба бар. Қазақстан мен Қырғызстанға ортақ Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Ол су бөлу көлемін және нысандардағы жөндеу жұмыстарының жоспарын жыл сайын бекітеді. Қазақстан Түркістан облысының егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін жыл сайын Қырғызстаннан жазғы маусымда электр энергиясын қабылдап, оны қысқы уақытта кері қайтарады.

2024 жылдың маусымында Венада Қазақстан, Қырғызстан және Ресей арасында Қырғызстандағы Нарын облысында Қамбар-Ата ГЭС-1 салу туралы келісімге қол қойылғанын да айта кетейік.

Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістерге серпін

Осы тұста «екі ел басшыларының кездесуінде қандай мәселелер талқылануы мүмкін?» деген сауал қоюға негіз бар. Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірінше, келіссөздер стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.

Фото: Жанат Момынқұловтың жеке мұрағатынан

– Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, көлік-логистикалық жобаларды ілгерілету, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланады деп күтеміз. Шекарадағы тұрақтылық пен аймақтық қауіпсіздік те негізгі тақырыптардың бірі болуы мүмкін. 

Қазір екі туыс елге тарихи қалыптасқан көршілік қатынастың негізінде өзара рухани ынтымақты, мәдени құндылықтарды сақтау аса маңызды. Жалпы алғанда, алдағы кездесу екі ел арасындағы достық әрі стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азияда басталған интеграциялық үрдістерге серпін беруі мүмкін, – дейді.

Саясаттанушы Қазақстан мен Қырғызстан үшін шекарадағы тұрақтылық пен экстремизмге қарсы бірлескен іс-қимыл да өзекті екенін айтады. Ресей жақын болашақта екі ел үшін аймақтық құрылымдар шеңберінде экономикалық, қауіпсіздік пен көші-қон бағытында басты серіктес болып қала береді. Ал Қытай негізінен капитал-несие, инфрақұрылым мен сауда-логистикалық жобалар арқылы «Бір белдеу, бір жол» аясында ықпал етеді.

– Еуропалық Одақ аймақтық экономиканы әртараптандыруға, энергетикалық ресурстарды қамтамасыз етуге және инвестициялық жобаларға басымдық береді. Осы үш сыртқы күштің мүдделерін тең ұстау Қазақстан мен Қырғызстан қатынасының тұрақтылығы мен аймақтық интеграциясына тікелей әсер етеді. Астана аймақтағы ең жақын көршісі Қырғызстанмен тең, ашық әрі әділ қатынас құруға күш салуы қажет, – деп топшылайды Жанат Момынқұлов.

Бұл жерде тарихи тамырластық пен мәдени жақындық Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара сенімнің іргетасы болып саналатынын айта кету керек. Қырғыз ұлты - қазақ жұрты үшін ең туыс халықтың бірегейі. Ұқсас тіл, бірдей дәстүрлер, ортақ рухани құндылықтар саяси диалогты жеңілдетіп, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жол ашады. Десе де халықаралық сарапшы өтіп кеткен ортақ тарихи оқиғаларды қазіргі жағдайда саясиландыруға жол бермей, тек ғылыми тұрғыдан ғана қарастыру қажет екенін жеткізді.

Қазақстан мен Қырғызстан бірнеше халықаралық ұйымдарға тең дәрежеде мүше болып қосылған. Жанат Момынқұловтың пікірінше, ұйымдарға мүше болу екі елге қауіпсіздік саласында қосымша аймақтық жауапкершілік пен әскери ықпалдастықты дамыту (ҰҚШҰ), ал экономикалық тұрғыда кедендік тосқауылдарды жою, тауар айналымының өсімі мен еңбек миграциясын реттеу (ЕАЭО) сияқты артықшылықтар береді.

– Дегенмен кей жағдайда шешім қабылдауда сыртқы күштердің ықпалы басымырақ болып, аталған екі елдің ұлттық экономикалық мүдделерін шектейтін тұстары байқалады. Сондай-ақ нарықтағы теңсіздік пен бәсекелестік мәселелері, ресейлік өнімдердің аймаққа жаппай импортталуы, әсіресе, шағын экономикасы бар Қырғызстан және жергілікті өндірісін дамытқысы келетін Қазақстан үшін белгілі қауіп-қатер туғызады, – деп қорытындылады саясаттанушы.

Білім беру һәм мәдениеттегі үндестік

Мәдени-гуманитарлық ынтымақ та екіжақты қарым-қатынастың маңызды саласы саналады. Қырғызстан мен Қазақстанда екі елдің зиялы қауымының, жұртшылық өкілдерінің қатысуымен көрмелер, өнер майталмандарының концерттері, халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдар алмакезек өткізіліп тұрады.

Ал білім беру саласындағы ынтымақтастық 2006 жылғы 4 шілдедегі Қырғыз Республикасы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде дамуда. Келісім бойынша тараптар жыл сайын өзара негізде Қырғызстан мен Қазақстан азаматтарының екі елдегі жоғары оқу орындарында білім алуы үшін гранттар бөліп келеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

 

2019 жылғы деректерде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Қырғызстаннан шамамен 1000 студент, ал Қырғызстанның Жоғары оқу орындарында шамамен 2 мың қазақстандық студент оқығаны жазылған. Дегенмен бұл көрсеткіштер пандемиядан кейінгі кезеңдерде азая бастады. Әйтсе де 2024 жылы Қырғызстанның Ұлттық статистика комитеті айырқалпақ ағайын жұртында 2766 қазақстандық білім алып жатқанын мәлімдеген.

Көбіне екі ел тарихи тұлғалардың мерейтойын да бірігіп өткереді. Мәселен, Қазақстан мен Қырғызстан Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығын, Құрманғазының 175 жылдығын, Жамбылдың 150 жылдығын, «Манас» эпосының 1000 жылдығын, Т.Сатылғановтың 150 жылдығын, Ә.Тоқомбаев пен Ш.Айтматовтың мерейтойларын бірлесіп атқарған.

Қоғамдық, гуманитарлық байланыстарды дамытуда Қазақстандағы қырғыз диаспорасы да өз рөлін атқарып отыр. 2004 жылы Қазақстанда Қырғыз ұлттық мәдени орталығы тіркелді. Қазір ол Астана қаласындағы қырғыз этномәдени бірлестігі ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы «Манас-Ата» қырғыз ұлттық-мәдени орталығы және Ақтау қаласындағы «Ала-ЖШС», Алматы қаласындағы «Мекен», «Қырғыз-Ата» және «Манас-Ата» қырғыз ұлттық этномәдени орталықтары өз қызметін атқарып келді.