Қазақстан мен Қытай агроөнім саудасына арналған бірлескен цифрлық платформаны іске қоспақ

Фото: АШМ

АСТАНА.KAZINFORM –  Астанада «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері мен China National Grain Trade Center делегациясының кездесуі өтіп, онда агроөнімдер саудасына арналған бірлескен цифрлық платформаны іске қосу, сондай-ақ ынтымақтастықтың басым бағыттарын тереңдету мәселелері талқыланды. 

Кездесуде әсіресе, Қытай тарапының қолданыстағы ұлттық электрондық сауда платформасы базасында қазақстандық жеткізушілерге арналған арнайы бөлім құру жөніндегі ұсынысқа айрықша көңіл бөлінді. Жоспарға сәйкес, бұл бөлімді Қазақстаннан астық, майлы дақылдар (күнбағыс пен рапсты қоса алғанда), өсімдік майы, сондай-ақ болашақта соя сияқты өзге де сұранысқа ие өнімдерді сатып алуға бағыттау жоспарланған.

Қолданыстағы қытайлық алаң базасында цифрлық арна құру отандық өндірушілердің Қытай нарығына қол жеткізу тетіктерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

АҚК өкілдерінің айтуынша, бұл – мәмілелердің ашықтығына, қауіпсіздігіне және өнім сапасына баса назар аударылатын сауданың жаңа форматы.

Мәміле шарттарының орындалуын қамтамасыз ету үшін қытайлық алаңдағыдай кепілдік жарна қолдану көзделіп отыр.

Қаржылық есеп айырысулар тараптар арасында онлайн-форматта, платформаның мүмкіндіктері арқылы жүргізіледі.

Ынтымақтастықтың маңызды бөліктерінің бірі жеткізілетін өнімнің сапасын бақылау. Қытай Ұлттық астық сауда орталығы бөлім басшысының орынбасары Чжао Цзэлиннің айтуынша, негізгі талап сатып алу кезінде – сатып алушының шарттары, ал сату кезінде – сатушының деректері болып саналады. Даулы мәселе туындаған жағдайда түпкілікті шешімді екі елде де тіркелген тәуелсіз инспекциялық ұйым қабылдайды. Сондай-ақ дауларды реттеу жүйесі де көзделген.

Алғашқы кезеңде қатысушылар кедендік рәсімдеуді өздері жүзеге асырмақ. Кейіннен Қазақстан мен Қытайдың салалық қызметтерімен өзара іс-қимылды жолға қою арқылы кедендік рәсімдерді жеңілдету және жеделдету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, тараптар саудаға қатысушыларға қолдау құралдарын, оның ішінде агроөнім жеткізушілерін несиелеу және қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруда.
Аталған корпорацияның Бейжіңдегі өкілі Айжан Жамалованың айтуынша, қытай нарығына жүргізілген талдау және серіктестер әлеуетін бағалау екі елдің агроөнім жеткізушілері мен сатып алушылары үшін астық платформасына қатысу өзара тиімді мүмкіндіктер ашатынын көрсетті.

Бұл алаң ҚХР-дың шамамен 50 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорнын біріктіреді және 20 жылдан астам уақыт бойы онлайн-сауда форматында табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан үшін бұл отандық агроөнімдер экспортын кеңейтудің жаңа құралы бола алады. 

Айта кетелік елде 20 млн тоннаға жуық астық бастырылған еді