Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастық кеңейтіледі - Сенат

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Фото: Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты

Келісімге 2025 жылғы 16 маусымда Астана қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары барысында қол қойылды. Құжат инвестициялық ынтымақтастықтың құқықтық базасын жаңғыртуға және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы экожүйені қалыптастыруға бағытталған. Келісімнің ережелері ұзақ мерзімді экономикалық өзара іс-қимыл үшін қажетті тұрақтылық пен құқықтық айқындықты қамтамасыз ете отырып, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың қазіргі заманғы халықаралық стандарттарын бекітеді.

- Келісімде көзделген кепілдіктер жүйесі өзара қарым-қатынас пен ұлттық мүдделерді қорғау қағидаттарына негізделген. «Ұлттық режим» және «барынша қолайлылық режимі» тетіктері инвесторларға кемсітушілікті болдырмайтын және тең бәсекелестік ортаны қамтамасыз ететін жағдайларға кепілдік береді. Капитал салымдарын қорғауға ерекше назар аударылады: Келісім меншікті қорғау тәртібін нақты регламенттейді және активтер қоғамдық мүдделер үшін заңды түрде алынған жағдайда мөлшерлес өтемақы төлеміне кепілдік береді. Сондай-ақ ұлттық банктер активтерінің мәртебесі бекітіледі және халықаралық төрелік институттарға жүгіну арқылы дауларды шешудің ашық тетігі белгіленеді, - деп атап өтілген Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметінде.

Келісімді ратификациялау экономиканың нақты секторының әлеуетін арттыру және ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру үшін маңызды мәнге ие.

- Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүгінде көлік-логистика, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және инфрақұрылым салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ұсынылып отырған Келісім осы ынтымақтастықты құқықтық тұрғыдан одан әрі күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, құжатта инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты кепілдіктері қарастырылған. Инвестицияларға әділ және тең құқықтық режим ұсынылады. Инвесторлардың мүлкі заңсыз экспроприациядан қорғалады. Инвестициялық қызметтен түсетін табыстар мен қаражаттарды еркін аударуға мүмкіндік беріледі, - деді сенатор Амангелді Нұғманов.

Бұған дейін Мәжіліс Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестицияларды қорғау туралы заң қабылдағанын жазған едік.