Отырысқа энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) басшысы Чжоу Синьхуай, екі елдің ұлттық мұнай-газ компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Тараптар мұнай-газ, энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады.
Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, энергетика саласындағы бірлескен жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Отырыс барысында тараптар мұнай жеткізу көлемін ұлғайту, мұнай құбырларының өткізу қабілетін кеңейту, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын кеңейту, мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыру және жаңа энергетика бағыттарындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
— Жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру, қолданыстағы келісімшарттардың мерзімін ұзарту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешу жолдары қаралды, — делінген хабарламада.
Отырыс қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жеделдетудің, өзекті мәселелер бойынша өзара тиімді шешімдер қабылдаудың, қол жеткізілген уағдаластықтардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Бұған дейін Үкіметте автожол саласын реформалау мәселелері қаралды. Жол сапасын жақсарту, жөндеу құнын төмендету және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту бойынша нақты шешімдер әзірлеу тапсырылды.