Қазақстан мен Қытай шекара бекеттерінің арасында екі шақырым емес екі ғасыр алшақтық бар — Қазыбек Иса
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Бақты кеденінің бір жылдық өткізу қабылеті 21 900 көліктен аспайды. Жаңа инфрақұрылым салынғаннан кейін бұл көрсеткіш 182 500 көлікке жету керек екенін айтты.
— Шекараның ар жағында Қытайдың жай ауылының өзінде көкпен таласқан зәулім ғимараттар Қазақстан жақтағы құрылысы бітпей, шаңы шығып жатқан кедей кеден мен жалғыз будкаға шекесінен қарап, қасқайып тұр. Біз жақта көзге ілінер бір ғимарат жоқ. Қазақ Елі мен Қытайдың шекара бекеттерінің арасында екі шақырым емес екі ғасыр жатыр, — деді Қазыбек Иса.
Оның мәліметінше, Бақты кеденінің бір жылдық өткізу қабылеті 21 900 көліктен аспайды. Жаңа инфрақұрылым салынғаннан кейін бұл көрсеткіш 182 500 көлікке жету керек. Құрылыстың кешігуі салдарынан бір жылдың өзінде 160 600 көлік шекарадан өтпей, қазынаға бірнеше миллиард теңге түспей қалған.
— Транзиттік көліктердің 90 пайызы Ресей мен Беларусь компанияларына, олардың Қазақстанда тіркелген фирмаларына тиесілі. Қазақстандық көліктердің өзінде жүргізушілер — шетел азаматтары. Сонда 16 млрд теңге шығындалған кеден құрылысы қызығын өзіміз емес, шетелдіктер көрсін деп салып жатырмыз ба, — деп сұрады депутат.
Сондай-ақ, ол Батыс Қазақстанның Қазталов ауданындағы Ресеймен арадағы 81 шақырым шекара дұрыс қоршалмағандықтан бір қыста 1,5 мың мал шекарадан өтіп кеткен.
— Шығыс Қазақстанның Қатон-Қарағай ауданында да қаншама қоршаусыз шекарадан қаншама мал көрші елге өтіп кетіп, қайтпай жатыр?!
Малынан айрыла берген соң малшылар «шекараны өзіміз салып аламыз» деп жүрсе, сонда «шекараны шегендеп тас қылып тастадық» дегеніміз қайда, — деді Қазыбек Иса.
Бұған дейін қыркүйек айында Қазақстан шекарасында заңсыз тауар өткізуге қатысты 1 300-ден астам факті әшкереленгенін жазған едік.