Қазақстан мен Қытайдың бір-бірін толықтыратын экономикалық байланысы бар – Яо Сай
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның Алматы қаласында геосаясат пен халықаралық экономиканың ең өзекті мүмкіндіктері мен мәселелерін шешуге бағытталған «Жаңа көзқарас 2024: Бизнестің күші» халықаралық экономикалық форумы өтіп жатыр. Форум аясында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Қытайдың Қытай мәдениетін ілгерілету қауымдастығының төрағасы, «Жібек жолы алтын көпірі» жасыл қаржы халықаралық ынтымақтастық форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Яо Сай мырзамен сұхбаттасты.
- Қазақстан мен Қытай арасындағы соңғы сауда серіктестігі, сондай-ақ болашақтағы ұзақ мерзімді даму перспективалары туралы ойыңызбен бөлісе аласыз ба?
- Қытай мен Қазақстан соңғы жылдары «Бір белдеу, бір жол» және «Нұрлы жол» сияқты жаңа экономикалық даму үлгілерін біріктіру арқылы экономикалық даму ынтымақтастығында жемісті нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдық құрылыс және басқа да салаларда ілгерілеушілік бар. Қытай мен Қазақстанның бір-бірін толықтыратын күшті экономикалық байланыстары бар. Оның үстіне Қазақстан экономикалық өрлеу кезеңін күтіп тұр. Қытайдың орасан зор нарығы және салыстырмалы түрде дамыған технологиясы бар және екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар болашақта да жаңа биіктерге жетеді деп ойлаймын.
- Қазақстан мен Қытайдың экономикалық ынтымақтастығына келетін болсақ, жақын арада және болашақта жаңа жобалар немесе ынтымақтастық жоспарлары бар ма?
- Бұл жақсы сұрақ. Біздің Қазақстанға бұл жолғы сапарымыз Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Ірі жобалардың бірі – Қазақстан-Қытай жасыл қаржыландыру халықаралық форумын және Қазақстан ұлттық көрмесін Қазақстанмен бірлесіп өткізу. Бұл екі шараны ағымдағы жылдың қыркүйек айында өтетін Қытай халықаралық қызмет саудасы жәрмеңкесі аясында өткізу жоспарлануда. Кездесуге Қазақстан мен Қытайдың іскерлік, академиялық және саяси топтарының өкілдері қатысуға шақырылады. Екі елдің ғылымы мен технологиясы, экономикасы мен іскер топтары терең докинг жүргізуі қажет. «Жібек жолы алтын көпірінің» ұйымдастырушысы және елшісі ретінде мен өзімді үлкен құрметпен сезінемін. Форум арқылы біз экономикалық және сауда кооперациясын, өндірістік кооперацияны, ауыл шаруашылығы кооперациясын жүзеге асыра аламыз. Қыркүйек айына дейін бізде Қазақстанмен байланысты тақырыптар бойынша бірқатар пікірталас жүргіземіз.
- Сіздің ойыңызша, Қазақстанның халықаралық қаржылық инвестиция саласындағы орны қандай? Басқа қандай әлеуетті мүмкіндіктерді зерттеу керек?
- Мен қаржы сарапшысы емеспін, бірақ кейбір интуитивті сезімдер туралы айта аламын. Қазақстанның ресурстары мол, еңбекқор халқы бар, күшті ғылыми-техникалық ұжымы бар. Менің ойымша, Қазақстан әсіресе Орталық Азияда жетекші рөл атқаратын мемлекет. Жеткілікті іргетас пен кең ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың арқасында Қазақстан алдағы «алтын отыз жылда» бұдан да жақсы дамитынына сенімдімін.
- Қытай төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға келмек. Осы саммитке қатысты не айтар едіңіз?
- ШЫҰ саммиті 3-4 шілде аралығында Қазақстанның астанасында өтеді. Саммитке Қытай мемлекет басшысы мен ШЫҰ-ның басқа елдерінің басшылары қатысады. Барлық елдің 27 жылдық бірлескен күш-жігерінен кейін ШЫҰ қауіпсіздіктің қалқанына, ынтымақтастықтың көпіріне, достықтың байланысына және әлем мен аймақтың дамуы үшін маңызды күшке айналды. Қазақстандағы бұл саммит кейбір жаңа тақырыптарды талқылайды және ШЫҰ дамудағы жаңа бастамасы болмақ. Бұл саммит ШЫҰ-ның дамуы мен аймақтық қауіпсіздікті ілгерілетуде орасан зор рөл атқарады және сонымен бірге Қытай мен Қазақстан арасындағы достықты, сондай-ақ екі ел арасындағы экономикалық дамуды, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық алмасуды одан ары ілгерілетеді деп үміттенемін.