Қазақстан мен Корея арасындағы тиімділік тәжірибесі өз жемісін беруде
Конференцияның негізгі мақсаты - жаңа тенденциялар мен мемлекеттік басқару саласындағы мәселелер, екі ел үкіметінің бірлесіп жасаған қызметінің тиімділігі және мемлекеттік саясат мәселелерін талқылау.
Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов, Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Чу Хен Бак, Сеул мемлекеттік басқару қауымдастығы (SAPA) президенті Хи-Гон Шин, Корея Республикасының Мемлекеттік басқару және қауіпсіздік министрлігі жанындағы биліктің орталық органдары (СОТІ) лауазымды тұлғаларын оқыту Институтының бас директоры Ю Ый Санг және Кореяның басқа да лауазымды тұлғалары мен белді жоғары оқу орындарының 23 профессоры, сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы білім берудің жетекші қазақстандық және корейлік мамандары қатысты.
Конференцияның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірасылов бүгінгі шараның Қазақстан мен Корея қарым-қатынасына тигізер оң әсерін жоғары бағалай келіп, қарқынды экономикалық дамуға қол жеткізіп қана қоймай, әлемге үлгі боларлық демократиялы ел құра білген Корея мен Қазақстанның бір-бірінен алар тәжірибелері де мол екенін атап өтті. «Біз үшін Кореяның мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудағы тәжірибелері өте маңызды» - деді ол.
Конференция жұмысы «Жаңа кезеңдегі мемлекеттік басқару», «Экономикалық өсу және дамыту саясаты», «Әлеуметтік әл-ауқат саясаты» деген сияқты бірнеше сессия шеңберінде ұйымдастырылып, онда ғалымдар түрлі саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Шара шеңберінде Академия және «SAPA», сондай-ақ Академия және «СОТІ» арасындағы ынтымақтастық төңірегінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.