Қазақстан мен Корея мемлекеттік сатып алу бойынша меморандумға қол қойды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 8 қарашада Оңтүстік Кореяның мемлекеттік сатып алу қызметінің өкілдерімен кездесу барысында осы сала бойынша Қазақстан мен Корея арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Іс-шараның мақсаты - Корея Республикасының электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесін зерделеу, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қою.

Осы іс-шараны өткізу Корея Республикасының электрондық сатып алу жүйесінің жоғары даму деңгейіне байланысты қазіргі кезде осы елдің электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу жөніндегі тәжірибесі әлемдегі ең алдыңғы қатарлы болып табылады. Оңтүстік Кореяның барлық мемлекеттік сатып алу рәсімдері, сауда-саттық, келісім-шарт жасау, жеткізу және оған ақы төлеуді қоса алғанда KONEPS (Korean on-line electronic Procurement Service) жүйесі арқылы өткізіледі.

Ағымдағы жылғы қазанда Сеул қаласында (Оңтүстік Корея) электрондық мемлекеттік сатып алу бойынша Азия-Тынық мұхиты өңірінің 2-ші Конференциясы барысында мемлекеттік сатып алу саласында Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Корея Республикасы өзара ынтымақтастық туралы уағдаласты.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік сатып алу жүйесі Ұлт жоспарының 56-қадамын іске асыру шеңберінде әзірленген Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңымен реттеледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген.

Сарапшылардың пікірі бойынша заң құқық қолдану тәжірибесін және халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін  жасақтауға бағытталған.

Жетілдірілген заңнамаға сәйкес әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімді беруінен бастап тапсырыс беруші мен жеңімпаз арасында мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қою рәсіміне дейін мемлекеттік сатып алудың барлық рәсімдері электрондық форматта жүзеге асырылады.

Осы жаңашылдық мемлекеттік сатып алу рәсімін жеңілдетеді, өйткені әлеуетті өнім берушілер ұсынатын және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар қарайтын барлық қажетті құжаттар web-порталда қалыптастырылады. 

Осы шара сондай-ақ мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығын арттыруға бағытталған.

Техникалық ерекшеліктердің жобасын алдын ала талқылау институтын қалыптастыру жаңашылдықтардың тағы да бірі болып табылады. 

Енді техникалық ерекшелікті алдын ала талқылау бекітудің оның міндетті шарты болып табылады. Осы шара әлеуетті өнім берушілерге техникалық ерекшеліктердің жобасымен алдын ала танысуға және шарт жобасында бәсекелестікке қарсы талаптар болған жағдайда тапсырыс берушінің немесе бақылаушы органдардың атына шағым түсіруге мүмкіндік береді.

Конкурсты және аукционды өткізу тәртібі жеңілдетілген. Конкурсқа қатысуға өтінім және баға ұсынысы бірге беріледі. Бұл конкурсты өткізу кезеңдерін қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ тапсырыс берушінің лауазымды тұлғаларының теріс пайдалануына мүмкіндік беретін фактілерді жояды.

Қазақстан Республикасының байқаушы мәртебесін алуға ресми өтінімі ДСҰ Мемлекеттік сатып алу комитетінің кезекті отырысы шеңберінде бірауыздан дауыс беру арқылы 2016 жылғы 19 қазанда мақұлданды.

Қазіргі кезде (ағымдағы жылғы 7-8 қараша) Астана қаласында ҚР Қаржы министрлігі ДСҰ Хатшылығы Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен (ЕҚҚДБ) бірлесіп Мемлекеттік сатып алу бойынша Ұлттық семинарды өткізеді. Іс-шаралар барысында қоғамдық ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың өкілдері Дүниежүзілік Сауда Ұйымының (ДСҰ) Мемлекеттік сатып алу жөніндегі келісімінің ережелерімен және талаптарымен танысады.