Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі келіссөздермен жалғасты.

Мемлекет басшысы Президент Ли Чжэ Мёңге Кореяға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

– Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде жақсы білеміз. Сіздің еліңіздің экономика, ғылым және технология саласындағы орасан зор жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды, солардың ішінде Қазақстан да бар. Біз Кореяда жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге куә болып отырмыз, оған үлкен қызығушылықпен қараймыз. Мұны Сіздің парасатты саясатыңыз бен корей халқының қажырлы еңбегінің жемісі деп санаймыз. Ал генерал Хон Бом До жөнінде әлгінде айттым. Халқыңыз үшін генералдың орны ерекше маңызды. Оның өмір жолы баршаға белгілі. Ол корей халқының нағыз патриоты, қаһарманы деп айтуға болады. Генералдың есімі Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне берілді, сондай-ақ мемориалдық кешен ашылды. Қазақ халқы генерал Хон Бом Доны ерекше тарихи тұлға деп санайды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

– Былтыр телефон арқылы алғаш рет сұхбаттасып, өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға келіскен болатынбыз. Ал бүгін екіжақты қарым-қатынасымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.