Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге уағдаласты

СЕУЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында жоғары деңгейдегі кездесуден кейін бірқатар екіжақты құжаттар рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Сеулден.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Президенті Пак Кын Хе Стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты одан әрі тереңдету туралы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының бірлескен декларациясына  қол қойды.

Мұнан бөлек, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен  Кореяның Сауда, индустрия және энергетика министрі Чжу Чен Хван ҚР Инвестициялар және министрлігі мен КР  Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы бірлескен іс-қимыл жоспарын, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Корея Республикасы Көлік, жер және инфрақұрылымдар министрі Кан Хо Ин ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен КР Көлік, жер және инфрақұрылымдар министрлігі арасында көлік саласындағы инвестициялық және инновациялық жобаларды қолдау туралы меморандумды рәсімдеді.