«С5 1» отырысы аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чжон Кванмен екіжақты келіссөздер жүргізді.
Тараптар 2026 жылдың алғашқы 6 айында $1,3 млрд-қа жеткен тауар айналымының өсім динамикасын атап өтті. Өнеркәсіптік кооперация портфеліне 51 бірлескен жоба кіреді, оның ішінде 23 өндіріс іске қосылып, 4,4 мың жұмыс орны құрылды.
Қазақстанның автомобиль жасау саласын дамытуда Қостанай облысындағы KIA және Алматы облысындағы Hyundai брендтері автокөліктерін өндіру жобаларына зор маңыз берілген. Келіссөздер барысында министрлер өндірістерді одан әрі локализациялау және автомобильдердің модельдік қатарын кеңейту перспективаларын атап өтті.
Сондай-ақ лифт өндірісі саласында ғылыми-зерттеу паркін құру жобасын жүзеге асыру үшін қазақ-корей кәсіпорынын іске қосу перспективалары талқыланды. Бұған дейін оңтүстіккореялық тарап осы жобаға грант бөлген болатын.
Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер барлық негізгі бағытта екіжақты байланыстарды дамыту және нығайтуға ниетті екендерін растады.
Айта кетелік Корея Қазақстанда қандай жобаларға қатысып жатқаны туралы жазған едік.