Қазақстан мен Кувейт цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Кувейттегі елшісі Ержан Елекеев Кувейттің Ақпараттық технологиялар жөніндегі орталық агенттігінің (CAIT) Бас директорының міндетін атқарушы Наджат Хусейн Ибрахиммен кездесті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Фото: ҚР СІМ

Кездесу барысында тараптар цифрлық трансформация, электрондық үкімет және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Елші Ержан Елекеев кувейттік тарапты Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан цифрлық реформалармен таныстырып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің заманауи цифрлық экожүйесін дамыту бағытындағы жетістіктер туралы айтты.

Сонымен қатар Қазақстанның БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орында тұрғаны және онлайн мемлекеттік қызметтерді дамыту бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына кіретіні атап өтілді.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны да сөз болды. Осыған байланысты елімізде жасанды интеллектті дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге және IT-мамандар даярлауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.

Қазақстан тарапы азаматтар мен бизнеске мыңнан астам мемлекеттік қызметті электронды форматта ұсынатын ұлттық электрондық үкімет жүйесінің мүмкіндіктерін таныстырды.

Өз кезегінде Кувейт өкілдері мемлекеттік басқаруды цифрландыру және электрондық қызметтерді дамыту бағытындағы Қазақстан тәжірибесіне қызығушылық танытып, еліміздің жетістіктеріне жоғары баға берді.

— Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің бейінді ведомстволары арасында онлайн-кездесу ұйымдастыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасу және практикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өзара сапарларды пысықтауға келісті, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

CAIT — Кувейттегі мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау, электрондық үкіметті дамыту және ұлттық цифрлық стратегияны іске асыруға жауапты уәкілетті мемлекеттік орган.

Осыдан бұрын Қазақстан мен IT-алпауыттары ЖИ саласында $10 млрд-тық келісімдерге қол қойғанын жазғанбыз.