Қырғызстанға сапармен шақырғаны үшін А.Атамбаевқа алғысын айтқан Мемлекет басшысы: «Әр уақыттағы екі ел арасындағы ыстық ықыласты біз тағы бір рет көріп отырмыз. Біздің дипломатиялық қарым-қатынасымызға биыл 20 жыл болады. Сіздердің тәуелсіздік күндеріңіз жақындап келе жатыр, біз сонымен құттықтаймыз. 20 жылдың ішінде екі елдің арасында, сіздер мен біздерде көп жағдайлар болды. Жаңа буын өсіп келе жатыр, жаңа экономика болды. Көп қиыншылықтар болып жатыр», - деді.
Сонымен қатар Елбасы өз сөзінде Қырғызстан халқының басынан өткен қиыншылықтарға Қазақ елінің қиналып, жақсылықтарына бірге қуанатындығын айта келе, бұл тек дипломатиялық тұрғыдағы әңгіме еместігіне баса назар аудартты.
«Екі елдің арасында шешілмей қалған іс жүзінде мәселе болмауы керек. Қазақстанның шындығында да мүмкіншілігі бар. Ол үшін инвестицияға да, бизнеске де жағдай жасау керек. Біз соның бәрін келісу үшін келдік. Екі елдің арасында жоғары мемлекеттік кеңес 4 жыл бұрын құрылған болатын. Сол 4 жылдың ішінде не жасалды, не жасалмады, соны да қарауымыз керек», - деді Н.Назарбаев.