Депутаттың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасында шекара жақсы бекітілген.
«Жамбыл облысы мен Алматы облысы түйісетін қазақ - қырғыз шекарасының ең биік бекетіне келдік. Біздің Қырғыз мемлекетімен шекарамыз жақсы бекітілгеніне көзім жетті. Биік қоршау, сым темір, кейбір жерде электр тоқтары бар, бақылау мұнаралары да аз емес. Ал Қырғыз мемлекеті тарапынан жәй бір адам бойымен бірдей сым қоршау, болды. Басқа ештеңе жоқ.
Басты себеп: «Қырғыз Үкіметі шекара бюджетін қырғыз - тәжік шекарасына жұмсайды» деген жауап алдық. Яғни «Бауырлас қазақ халқына сенеді» деген сөз», - дейді Самат Нұртаза.
Ол сондай-ақ қазақ - қырғыз шекарасындағы Кенесары хан мен батырларына арналған ескерткіштің басында болып, Құран бағыштағанын жазды.
Еске салайық, Парламент Мәжілісінің депутаттары Олжас Құспеков, Максим Рожин, Болат Керімбек және Самат Нұртаза Алматы тауларында болашақ шекарашы курсанттармен әскери дайындықтан өткен еді. Самат Нұртаза алдағы уақытта Максим Рожин екеуі Жамбыл облысымен шектесетін Қырғызстан шекарасына, Олжас Құспеков пен Болат Керімбеков Жетісу облысымен шектесетін Қытай шекарасына баратынын айтқан еді.