Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны ашу жөнінде әзірге нақты шешім қабылданған жоқ - ҚР СІМ

АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны ашуға байланысты әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде Қазақстанның және Қырғызстанның тиісті мемлекеттік органдары екі ел арасындағы шекараны ашу жөнінде келіссөздер жүргізуде. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ та шекараны тауар тасымалы үшін ашу мәселесі өзінің шешімін табатын болады», деді А. Әбдірахманов.

Оның айтуынша, бұл мәселемен Қазақстан тарапынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі айналысуда. Бұл ретте келіссөздер қарқынды жүргізілуде және шекара арқылы өтетін транзиттік жүктерді тасымалдаудың барынша икемді режимі қарастырылуда.