Қазақстан мен Қырғызстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі

Қазақстан мен Қырғызстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкек қаласында өтіп жатқан Қазақ-қырғыз іскерлік кеңесінің бірінші отырысы аясындағы бизнес-форумға 14 қазақстандық кәсіпорын өкілдері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қырғызстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Марат Шаршекеевтің деректеріне сәйкес, 2017 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі 750 млн доллардан асып жығылған. Бұған қоса, Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. Қазақстан экспортында өсімдік өнімдері, астық, ұн және кондитерлік өнімдер, металл бұйымдары, көмір мен тұрмыстық техника басым. Ал Қырғызстан болса Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін, жеміс-жидектер мен көкөністер, мақта-мата бұйымдарын жеткізеді.

Форумда Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Алмат Тоекин қазақстандық тарап екі елдің арасындағы қазіргі тауар айналымы деңгейін жылына 1 млрд долларға дейін жеткізуге мүдделік танытатындығын және ол үшін барлық мүмкіншіліктің бар екенін баса айтты.

«Бұл жолғы кездесу екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қарай тағы бір қадам жасауға мүмкіндік береді. Біздің елдеріміздің дәстүрлі тұрақты экоономикалық байланыстары тығыз саяси ынтымақтастықпен де нығая түскен. 2018 жылдың ішінде ғана Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері 8 рет кездесті. Бұл елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы бауырластық қарым-қатынасты дәлелдеп, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге ынталандыра түседі», - деді А.Тоекин.

Қазақстан Қырғызстанмен су-энергетика саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникациялар, тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі және туризм сынды басымдыққа ие салаларда ынтымақтастықты жандандыра түсуге мүдделі. Ал Қырғызстанның Инвестицияны ілгерілету және қорғау агенттігінің директоры Шумкарбек Әділбекұлы өз кезгінде Қырғызстан үшін қазақ елінің тартымды салаларына атады.

«Бізге пайдалы қазбаларды тек қана өндіру ғана емес, сонымен бірге қайта өңдеу салаларындағы жобалар қызықтырады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеу, оны Қытай мен ЕАЭО елдеріне экспортқа шығару салаларына инвестиция салу назар аудартады. Бүгінгі күні жаңа инновациялық технологиялар саласындағы жобалардың қажеттілігі өткір байқалады. Бұл бағыт қазақ бизнесі үшін тамаша мүмкіншілік бола алар еді», - деді Ә.Шумкарбек.

Алғашқы кездесу қорытындысында Қырғызстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстанның сыртқы сауда палатасы арасында қырғыз-қазақ іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды. Мұнан бөлек, екі елдің кәсіпкерлері арасында да бірқатар келісім рәсімделді.