- Президент ханым, сұхбатымызды Қазақстан мен Қырғызстанның екіжақты қарым-қатынас перспективасына қатысты ойыңызбен бастасаңыз?
- Қырғызстанның сыртқы саясатында Қазақстан басымдықты бағытта және солай бола бермек. 2010 жылдың сәуір айындағы оқиғалардан кейін Қазақстанның бізге көрсеткен бауырластық көмегі қырғыз-қазақстан қарым-қатынасын айғақтай түседі. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ аясындағы екіжақты кездесулерде біздің басымызға түскен істерге, экономикалық проблемаларға тоқталмай өткен емес. Оңтүстіктегі қираған үйлерді қалпына келтіру мақсатында сіздердің елдеріңіз 10 милллион доллар соманың құрылыс материалдарын жеткізді. Халықаралық донорлар конференциясының қарсаңында Қырғызстандағы экономикалық ахуалға егжей-тегжей талдау жүргізілді. Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев бастаған министрлер тобы сол кезде бізбен бірлесіп үлкен жұмыс атқарды. Президент Н.Назарбаевтың бастамашылығы бойынша донорлардың екінші отырысы өткізілетін болды, Қырғыз Республикасы аса мұқтаж болып отырған қаражат сол жиында жиналатын болады.
Өткен жылы Ресей мен Қазақстан саяси мониторинг жүргізу және барлық сала бойынша көмек көрсету ісіне жұмылдырған арнайы өкілдердің бастамашылықтары туралы да айта кету керек. Осы бағыттағы жұмыс Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы кезіндегі Қырғызстанға көрсеткен қолдауын толықтыра түсті.
Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық байланысты нығайту және кеңейту біз үшін үлкен маңызға ие. Қазақстан Ресейге, Еуропаға бет бұрып отыр. Ал біздің еліміздегі орта бизнестің көбі сіздердің нарықтарыңызға бағытталған. Өкінішке қарай, шекарада, мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысымен байланысты және біздің кәсіпкерлеріміздің, жұмысшы-мигранттарымыздың жағдайымен байланысты түйінді мәселелер әлі де баршылық. Туындап отырған көптеген мәселелердің Қазақстанның Кеден одағы аясындағы міндеттемелерімен байланысты екенін біз түсінеміз, бірақ та Кеден одағының құрылуы бізге оңай тиіп отырған жоқ.
Қазақстан Кеден одағы аясындағы серіктестерімен келісе отырып және бізбен арадағы одақтастық қатынасты ескере отырып, Қырғызстанға жеңілдіктер жасайды деген үміттеміз.
Қазіргі таңда кешенді шешуді қажет ететін көптеген өзекті мәселелер қордаланып қалды. 2010 жылы Қырғызстанда болған оқиғалар Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа негізделген қырғыз-қазақстан ынтымақтастығының институционалдық органдарының жұмысын тоқыратып отыр. Осыған орай, Қырғызстан екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуын үйлестіруге негізделген Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің, Жоғарғы үкіметаралық кеңестің жұмыстарын жандандыруға үлкен назар аударып отыр. Осы тұрғыда 2011 жылдың бірінші тоқсанында Бішкекте өткелі отырған Үкіметаралық кеңестің екінші отырысы бізге екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелерін талқылауға, аймақтық ықпалдастықтың өзекті тақырыптары бойынша пікірлер алмасуға жақсы мүмкіндік бергелі отыр.
Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халқымыздың ортақ тағдырластығы Қырғызстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы әрқашан тату көршілік, өзара түсіністік және одақтастық рухында дами береді деген сенімдемін.
- Өткен жылдың сәуір айында Қырғызстанда билік ауысқаннан кейін Қырғыз Республикасының жақын көршілермен арадағы бекітілген халықаралық келісімшарттарын қайта қарау қажеттілігі туралы айтқан саясаткерлер болды. Сол мәлімдемелерге қандай баға берер едіңіз?
- Қырғызстан әрқашан халықаралық құқық нормаларын ұстанып келеді және басқа серіктес-мемлекеттермен арадағы өзара қарым-қатынасында өз міндеттемелерінен тайған емес.
Сәуір айындағы оқиғалардан кейін Қырғыз Республикасының уақытша үкіметі, Қырғызстанның 1993 жылғы Конституциясының және «Қырғыз Республикасының халықаралық келісімшарттары туралы» Заңының негізінде «Инвестицияларды қорғау туралы» декрет қабылдады, сөйтіп Қырғыз Республикасының уақытша үкіметі мемлекетіміздің бұған дейін мойнына алған міндеттемелерін мүлтіксіз орындайтынын ресми қуаттады.
Сіздің сауалыңызға Қырғыз Республикасының қолданыстағы Конституциясына сілтеме жасай отырып, жауап бергім келеді. Онда анықталғандай, заңменен күшіне енген және Қырғызстан қатысушы болып табылатын халықаралық келісімшарттар да, халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидалары мен нормалары да Қырғыз Республикасының құқықтық жүйесінің ажырамас бөлшегі болып табылады.
- Құрметті Роза Исаққызы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін аяқтады. Төрағалықтың қорытындысы бойынша Астана саммиті өтті және оған өзіңіз де қатыстыңыз...
- Қырғызстан 11 жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ саммитін өткізудегі Қазақстанның бастамашылығы мен роліне жоғары баға береді. Осындай үлкен шараны өткізу үшін қазақстандық тараптың қандай үлкен жұмыстар атқарғанын өз көзіммен көрдім. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы жүктеген міндетті тамаша атқарып шықты. Айта кететін бір мәселе, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына күрделі кезеңде, әлем елдері қаржылық дағдарысты әлі еңсеріп бітпеген кезеңде келді. Оның үстіне лаңкестік проблемалары, гуманитарлық және экологиялық апаттар, аштық, кедейшілік, энергетикалық ресурстардың азаюы, т.б. проблемалар да азая қойған жоқ.
- 2010 жылғы Қырғызстанда болған күрделі саяси ахуалды шешудегі Қазақстанның дипломатиялық әрекетіне қандай баға берер едіңіз?
- Сәуір және маусым айларындағы оқиғалар Қырғызстан халқының бірлігін сынаған үлкен сынақ болған. Бірақ, күрделі жағдайға қарамастан, уақытша үкімет халықтың күшін біріктіре алды, елдегі ахуалды тұрақтандыра алды.
Оған қоса, біз Қырғызстан тарихында алғаш рет әділ, ашық және демократиялық сайлау өткізе алдық, ал оның алдында ел Ата заңының жаңа редакциясы бойынша референдум өтті. Бұл екі шараға да халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілді. Қырғызстан халқы азат, әділетті және демократиялық қоғамда өмір сүруге деген талпынысын тағы да паш етті.
Сол бір қиын кездері көрсеткен моральдық және материалдық қолдаулар үшін, жедел гуманитарлық және техникалық көмектер үшін Қазақстан басшылығына, ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шын алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңыз, басқа да одақтас елдер мен халықаралық ұйымдардың қолдаулары бізге сенім берді. Келешекке деген сенімімізді үкіледі.
Тиіп отырған мүмкіндікті пайдалана отырып, бауырлас Қазақстан халқына бақуаттылық, бақыт және сәттілік тілеймін.
-Сұхбатыңызға рахмет.