Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекетаралық кеңесінің IV отырысында Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселеcіне назар аударылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келіссөздер нәтижесі қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан мен Қырғызстанның жоғарғы мемлекетаралық кеңесінің төртінші отырысынан кейінгі бірлескен мәлімдемеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Екі елдің арасындағы қарым-қатынас әр уақытта өзара достастық пен бауырластық негізінде жүріп жатыр. Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев мырзаның біздің елге сапары жемісті өтті деп айтуға болады. Сапар аясында мемлекетаралық кеңестің төртінші отырысы өзінің жұмысын өткізді. Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріне назар аудардық. Сонымен қатар, көптеген мәселелер бойынша пікір алмастық», - деді Елбасы.

Жоғарғы мемлекетаралық кеңес жеті жыл бұрын құрылғанын еске салып өткен Мемлекет басшысы осы төртінші отырыс аясында тиімді уағдаластыққа қол жеткенін атап өтті.

«Уағдаластық көршілес қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін»,-деді Н.Назарбаев.