Қазақстан мен Қырғызстанның Үкімет басшылары кездесті

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының Үкімет басшысы Сапар Исаковпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президентін сайлауды табысты өткізулеріңізбен құттықтаймын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірнеше мәрте атап өткендей, бауырлас екі мемлекеттің қарым-қатынасы барлық салада өнегеге айналып,  өңірдегі тиімді әрі өзара пайдалы ынтымақтастықтың үлгісі болуы тиіс», - деді қырғыз әріптесін Үкімет үйінде қабылдаған Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар Қазақстан Үкімет басшысы екі елдің арасында жемісті экономикалық байланыстарды атап өтті.

«Ұзақ жылдар бойы Қазақстан Қырғызстан экономикасының басым инвесторларының бірі саналып келді. Қырғызстан экономикасына 800 млн доллардан астам инвестиция салынды. Сонымен қатар бүгінгі күні Қазақстанда бірлескен капиталы бар шамамен 700 қырғыз компаниясы жұмыс істеуде. Тауар айналымы да артып келеді. 7 айдың қорытындысында өзара сауда-саттықтың 28 пайызға артқанын көріп отырмыз. Бұл жақсы көрсеткіш», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Өз кезегінде Қырғыз Үкімет басшысы Қазақстан Премьер-Министрін өткен туған күнімен және екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен құттықтады.

«Қырғызстанның Премьер-Министрі ретінде сындарлы жұмысқа үміт артып отырмын», - деп қосты ол.

Айта кетерлігі, кездесуге  Қырғызстанның ресми делегациясы мен Қазақстан Үкімет мүшелері қатысты.

Соңғы жаңалықтар