Қазақстан мен Қытай арасындағы газ құбырын салу мен пайдалануға қатысты келісім заңмен бекітілмек

АСТАНА. Қазанның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкімет еліміздің бірқатар елдерімен жасасқан келісімдерін заң жобасы түрінде әзірлеген. Соның бірі - «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы  Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы. Енді бұл заң жобасы Мәжілістің заңмен жұмыс істеу өндірісіне алынды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы аталған келісімге 2007 жылғы тамыздың 18-інде Астана қаласында қол қойылған.

Келісімнің басты мақсаты - Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының аумақтарындағы жаңа газ көлігі қуаттары арқылы Түрікменстан және Қазақстан газын тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту.

«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңға сәйкес халықаралық шарттар ратификациялауға жатады.

Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 7-бабы 1-тармағының 28) тармақшасына сәйкес кедендік ресімдеу - тауарлар мен көлік құралдарын еліміздің кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты адамдар және Қазақстанның кеден органдары жасайтын іс-әрекеттер мен рәсімдердің жиынтығы.

Кеден кодексінің 294-бабы тауарларды кеден органдарының кедендік алып жүруі үшін Қазақстан Үкіметі белгілеген мөлшерде кедендік алым алынуын көздейді.

Сонымен қатар Келісімнің 4-бабына сәйкес Қазақстан тарапы газдың осы Келісімде көзделген көлемін ел аумағы арқылы Қазақстан заңнамасында көзделген рәсімдерге сәйкес транзитке мемлекеттік алым алмай еркін және кедергісіз тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндеттеме алады. Осылайша, Келісімнің ережелері Кеден кодексінде көзделгеннен өзге ережелерді белгілейді. Соған байланысты ол ратификациялауға жатады.

Осы Келісімнің 18-бабына сәйкес ол Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша нысандағы соңғы хабарламаны алғаннан кейін күшіне енеді.

Үкімет осы заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржылай қаражаттың бөлінуін қажет етпейтінін атап көрсеткен.

Бұл заң жобасы бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады.