Қазақстан мен Қытай кеденшілері тауар айналымына қатысты ақпаратты он-лайн жүйесі бойынша алмасып отыруға келісті
Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитетінің өткізу пунктері арасындағы және кеден ісі саласында ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 6-шы отырысында айтылды.
"Қазақстан мен Қытайдың арасында шекарашылар мен кеденшілерге қатысты мәселелерді бірге қарап, ыңғайсыздықтарды жою бағытында көп жұмыс жасалуда. Үлкен келісімдерге қол жеткізіп жатырмыз. Бұрын екі елдің арасындағы тауар айналымының айырмашылығы 2,5 миллиард долларға дейін жететін. Қазір ол жоққа тән. Сондай-ақ бұрын автокөліктер шекарада 6-7 сағат тұратын болса, енді оны 35 минутқа дейін азайтып кеміттік. Статистикалық ақпараттарды ай сайын алмасып тұрғандықтан қандай тауар әкелініп, қандай тауар шығарылып жатқанын бақылап, қарап отырамыз", дейді ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов. Оның айтуынша, бұл отырыс кезінде тараптар 3 бағытта келісімге келген. Қытайдан тауар алып шығатын кезде барлық статистикалық ақпарат Қазақстанға он-лайн жүйесі бойынша келіп тұратын болды. Соның нәтижесінде кеденшілер қандай тауар, қандай көлемде, қандай автөкөлікпен қай жерде келе жатқанын және қайда баратыны туралы құлағдар боп отырмақ.
"Қытай тек Қазақстанмен ғана осындай келісімшартқа қол қойды. Оны ақпараттық технологияларды қолданып өркендету жағын да келісіп отырмыз. Бұл үлкен жетістік. Мұны өзге елдердің кеден қызметтері де жоғары бағалауда. Жыл басында шекарадағы көліктік, ветеринарлық, санитарлық рәміздеу Парламентте қаралып ол кеден қызметіне берілген болатын. Оны да ақпараттық технологияларды қолданып, «жалғыз терезе» тәртібімен өту жылдамдығын көбейтіп, тұру уақытын азайттық", дейді Қозы-Көрпеш Жапарханұлы.