Қазақстан мен Қытай киноиндустрия саласында бірлесе жұмыс істейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы China Film Group Corporation компаниясының президенті Цзяо Хунфэнмен кездесіп, екі елдің кинематография салаларын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында белгілі болғандай, екі тарап алдағы уақытта бірлесе кино түсірілімдерін жүргізуге ниетті.

Қытайдағы аса ірі кино корпорациясының басшысын күтіп алған Арыстанбек Мұхамедиұлы «аспанасты елінің» мамандарымен бірлесе жұмыс істеу Қазақстан үшін маңызды екенін жасырған жоқ.

«Сіздің елімізге келуіңіз - Қазақстан мен Қытай киноиндустрия салаларының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Қытай кино нарығы әлемдегі ең сұранысы жоғары киноиндустриялардың бірі. ҚХР-дегі аудитория 800 миллион адамнан асатыны тағы бар. Сондықтан, Қытай аудиториясына өз өнімімізді шығару - біз үшін үлкен мүмкіндік» деді А.Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, мәдениет министрі қытайлық киностудиялар мен дистрибьюторларды Қазақстан нарығына келуге шақырды. «Қазақстан былтыр ДСҰ-ның толыққанды мүшесі атанды және біз бірлескен жобаларға қызығушылық танытамыз», деді министр.

Ал, Цзяо Хунфэн болса қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстанның мәдениет министріне алғысын айтып, алдағы уақытта серіктестік орнатуға дайын екенін жеткізді.

«China Film Group делегациясы алғаш рет іскерлік серіктестік орнату үшін сіздердің елге келіп отыр. Алдағы уақытта мұндай сапалар Қазақстан мен Қытай арасындағы достық көпірін одан сайын нығайта түсетін болады», - дейді Қытай делегациясын бастап келген Цзяо Хунфэн. Ол сондай-ақ, небәрі жиырма жыл ішінде толағай табыстарға жеткен қазақ кинематографиясына таңданыспен қарайтынын жеткізді.

А.Мұхамедиұлы мен Ц.Хунфэннің арасындағы әңгіме негізінен «Композитор» жобасын жүзеге асыру тақырыбында өрбіді. Аталған картина әйгілі қытай сазгері Си Син Хай туралы баяндайды. Ол - Қытай симфоникалық әуенінің негізін қалаған тұлға. Қазақстанда тұрған уақытында Си Син Хай өз жерлестерін қазақ халқының ұлттық ән өнерімен таныстырған.

«Си Син Хай біздің елдердің арасындағы өнер көпіріне айналған еді. Сондықтан, біз оның Қазақстандағы өмірі мен шығармашылығы жайында бірлескен кино түсірмекпіз. Сондай-ақ, Қазақстанның табиғаты, тарихы жайында көп білгіміз келеді», - дейді China Film Group корпорациясының басшысы.

А.Мұхамедиұлы болса қытайлық қонаққа «Қазақфильм» түсірген фильмдермен танысып шығуға кеңес берді. Жиын қорытындысына сәйкес, қос тарап екі елдің кино саласындағы серіктестікті үкіметаралық тұрғыда бекітіп алуға күш салуға келісті.