Қазақстан мен Қытай сауда-саттықты долларсыз жүргізуді көздейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараптар екі жақты операцияларды ұлттық валюталармен жүргізу мәселесін қарастырып жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытай Халық Республикасының коммерция жөніндегі вице-министрі Жэнь Хунбиньнің айтуынша, «Бір белдеу - бір жол» бастамасы аясында Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізілетін жүктердің көлемі айтарлықтай өсті. Осы уақытқа дейін инфрақұрылым, кадрлық ресурстар, электронды сауда және тағы басқа салалар бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.

«Қазіргі кезде біз инвестияларды қорғау туралы жаңа келісім бойынша келіссөздерді бастадық. Бес жылдың ішінде өзара сауда айналымы өсті. Қытайдың жоғары теxнологиялық тауарлары Қазақстан нарығына шықты. Ал Қазақстан астық импорттаушылардың төрттігіне енді. Өткен жылы алғаш рет Қазақстанның табиғи газы Қытайға экспортталды. Біз энергетика, пайдалы қазбалар, xимия өнеркәсібі және тағы басқа салаларда ірі жобаларды қолға алдық. Қазақстан үшін Қытай коммерциялық кредиттердің басты арнасына айналды. Тараптар екіжақты операцияларды ұлттық валюталармен жүргізуді қарастырып жатыр», - деді Астанадағы бизнес форумда Жэнь Хунбинь.

Оның айтуынша, бүгінде Қытайдың қаржы ұйымдары «Астана» халықаралық қаржы орталығының үлесіне кірді. Олардың инвестициялары 29 млрд долларды құрап отыр.

Айта кетейік, Астанадағы «Риксос» қонақ үйінде қазақ-қытай бизнес форумы басталды.  Аталған шара "Бір белдеу - бір жол" бастамасының бес жылдығына арналып отыр. Бүгінде ҚХР осы бастаманың бойында орналасқан 25 мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара сауда-саттықты 605 млрд долларға жеткізді. Соның ішінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 10 млрд долларды құрайды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі форум қатысушыларына өз құттықтауын жолдады.  Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин да үндеу жолдап, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өз ризашылығын білдірді.