«2023 жылғы 14-15 қыркүйекте Қытай тарапының шақыруымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың «Қытай-Еуропа» жүк пойыздарының 1-ші ынтымақтастық форумына бас қонақ ретінде қатысу үшін Ляньюньган қаласына жұмыс сапары өтеді. Бұл форумға қытай тарапынан Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің қытай бөлімінің тең төрағасы, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Дин Сюэсян, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Сербия, Мажарстан және басқа да елдердің бейінді министрліктерінің басшылары қатысады», - деді ол ведомствода өткен брифингте.
Оның айтуынша, сапар бағдарламасында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу көзделген. Онда сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланады. Сонымен қатар жетекші қытайлық компаниялармен кездесулер өткізу және Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай логистикалық терминалына бару жоспарланып отыр.
Ал 17-19 қыркүйекте Қытай коммунистік партиясының біріккен майдан бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Төрағасы Пан Юэ бастаған делегация Қазақстанға келеді.
«Бұл сапар этносаралық қатынастардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды сипатқа ие. Сапар барысында Қазақстан Республикасының бейінді ведомстволарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізу жоспарланған. Онда ұлтаралық қатынастарды дамыту және екі ел арасында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланады», - деді Айбек Смадияров.