Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынасында 20 жылда айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді - Ли Финлинь

АЛМАТЫ. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қарым-қатынасы шикізаттық емес секторда аса зор жылдамдықпен дамуда.

Бұл туралы Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің Саяси консультациялар комиссиясының мүшесі Ли Финлинь бүгін Алматыда баспасөз өкілдерімен  сұхбаттасу кезінде айтты. 

«Біздің өзара қатынасымызда 20 жылда ең алдымен жоғары саяси сенім  қалыптасты. Ынтымақтастығымыз барлық бағытта дамуда. Атап айтқанда экономика, сауда, қауіпсіздік, мәдениет салаларындағы қарым-қатынас халықаралық деңгейде. Біздің екіжақты байланысымыз үшінші онжылдықта жаңа серпіліс алып, ынтымақтастық салаларының сапасы мен санында жаңа кеңістікке шығары еш күмәнсіз», - дейді Қытайдың Ресейдегі бұрынғы елшісі Л. Финлинь. Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстан мен Қытайдың арасындағы тауар айналымы 30 миллиард долларға жетті. Қытайдың ТМД елдеріндегі сауда серіктестерінің арасында Қазақстан Ресейден кейін екінші орында тұр.

Ли Финлинь: «Біздің ынтымақтастығымыз  кейбір адамдардың айтуынша энергетикамен шектеледі. Бұл дұрыс емес. Өзара инвестиция, біріккен кәсіпорын, инфрақұрылым және тағы басқа да шикізаттық емес салаларда біздің ынтымақтастығымыз аса зор жылдамдықпен дамуда», - дегенді айтты.