Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы ұзақмерзімдік мазмұнға ие - Қ.Саудабаев
Қытайда сапармен жүрген Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қытай Халық Республикасының Қоғамдық ғылымдар академиясында сөйлеген сөзінде осындай мәлімдеме жасады.
Естеріңізге сала кетейік, Қанат Саудабаев қытайлық әріптесінің шақыруымен сейсенбі, ақпанның 23-і күні Бейжіңге сапармен барған болатын. «Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бүгінгі әлемдегі орнықты дамудың негізгі факторларының біріне айналып келеді. Осы саладағы ынтымақтастығымыздың ұзақмерзімдік мазмұнға ие болып отырғанын, оның сенімділікпен ерекшелінетінін қанағаттанарлықпен атап өткім келеді», деді Қ.Саудабаев өз сөзінде.
Ол сондай-ақ, Қазақстанның энергетикалық саласында қытай капиталының қатысуымен екі ел үшін де стратегиялық маңызға ие ірі жобалардың жүзеге асырылып жатқанын еске салды. «2009 жылы іске қосылған «Қазақстан-Қытай» мұнай және газ құбырлары энергоресурстардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз етуде өз нәтижесін беріп отыр», деп атап көрсетті Қ.Саудабаев.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ, Қазақстанның жанама салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Ол аймақ нарығына бірлесіп шығудың қосымша мүмкіндіктерін ашады, деп санайды министр.