Энергетика, xимия өнеркәсібі, металлургия салаларында 7 млрд АҚШ долларына жуық сомада барлығы 22 коммерциялық және негіздемелік келісімдерге, оның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ тобының қатысуымен жалпы сомасы 4,5 млрд АҚШ доллары болатын 6 келісімге қол қойылды.
Ал «Самұрық-Энерго» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Бектеміров өз сөзінде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі өз тиімділігін танытып, қазіргі таңда диалог және іскерлік-алаңын қалыптастырғандығын атап өтті. «Осы уақыттың арасында іскерлік кеңес өз тиімділігін көрсетіп, диалог және бизнес-алаңы ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда қазақстандық-қытайлық қоржында жалпы сомасы 28 млрд АҚШ долларына жуық 51 жоба бар. Оның ішінде жүзеге асырылып жатқан 14 жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының үлесіне тиесілі. Біздің бизнес-серіктестік мұнай-газ, химия, энергетика, тау-кен металлургиялық, ауыл шаруашылығы, машина жасау секторларына бағытталған»,- деді Қуаныш Бектеміров.
Оның айтуынша, бүгін бекітілген келісім-шарттардың сипаты мен мазмұны инфрақұрылымды дамыту және жоғары технологиялы өндірістер құру бойынша «Самұрық-Қазына» қорының инвестициялық басымдықтарын көрсетеді.
«Бұл Қазақстанның өңірлерінде гидростанциялар мен жел электр станцияларын салу, экспорттық химия өнімдерін шығару бойынша стратегиялық жобалар», - деді аталмыш келісімдердің маңыздылығын атап өткен Қуаныш Бектеміров.
Сонымен қатар, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, қытайлық әріптестер компанияның жарғылық капиталына енуге және тәуекелді жеңілдетуге әзір.
«Бүгін таныстырылған жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық ынмытақтастық саясатына сәйкес келеді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және «Бір белдеу - бір жол» бағдарламаларының талаптарына жауап береді»,- деді басқарма төрағасы.
Сондай-ақ, Атырау облысында метанол мен аммиак өндіру, Жамбыл өңірінде күйдіргіш сода өндірісін іске қосу үшін инвестициялық жобалар іске асырылады. «Самұрық-Қазына» АҚ мен қытайлық Хайдро Чайна» компаниясы мұрындық болған жобалар отандық агрохимия кластерін дамытуға бағытталған.
«Қазақстан-Қытай қоржынында жалпы сомасы 28 млрд АҚШ долларына жуық 51 жоба, оның ішінде Самұрық-Қазынаның 14 жобасы бар. Жаңартылмалы энергетика, мұнай химиясы, логистика және аграрлық-өнеркәсіптік сектор - бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық ауқымы. «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастыруымен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің төртінші сессиясын осылай қорытындынылауға болады», - делінген баспасөз баянында.