Қазақстан мен Литва жүк тасымалын цифрландыруға кірісті

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 20 мамырда Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасы мен Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кездесуі өтті.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін рұқсат қағаздарының үлгілерін қолдану және олардың электрондық форматқа көшу перспективаларын талқылады.

Литва тарапы электрондық форматқа көшуге қызығушылық танытты. Алдағы уақытта осы бағытта бірлескен жұмыс ұйымдастыру жоспарланып отыр.

-Тараптар халықаралық тасымалдар саласындағы өзара әрекеттестікті одан әрі дамыту және тасымалдаушылар үшін процестерді жеңілдетуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті, -делінген хабарламада.

Осыған дейін Мәжіліс депутатының Қазақстанға көлік-логистикалық хабтардың бірыңғай моделін енгізуді ұсынғаны туралы жаздық.